Біз, пікірсайыс қауымдастығының белсенді өкілдері, пікірсайыс қозғалысының қоғам дамуындағы, әсіресе өскелең ұрпақ үшін маңыздылығын сезіне отырып, осы Хартияны жариялаймыз және бекітеміз, ол біздің негізгі құндылықтарымыз бен ниеттеріміздің көрінісі болып табылады.
Білім беру бағдарламасы ретінде «Пікірсайыс» Қазақстанда алғаш рет 1996 жылы халықаралық қайырымдылық ұйымдарымен іске қосылды. Кейіннен Қазақстанда Ұлттық пікірсайыс орталығы жұмыс істей бастады. Алайда, 2000 жылдардың басында бұл ұйымдар өз қызметін тоқтатты. Нәтижесінде пікірсайыс қозғалысы енжар және жүйесіз дамып, тек пікірсайыс дайындық бағдарламасын меңгерген педагогтар мен студент-жаттықтырушылардың қызығушылығы арқасында ғана бүгінгі күнге дейін сақталып келді. Бірегей жүйенің жоқтығынан еліміздің түрлі өңірлерінде пікірсайысқа дайындау мен төрешілік етудің әдіс-тәсілдері, тіпті пікірсайыс форматтары әр түрлі болып қалыптасты.
Бүгінгі күні мемлекет пікірсайыс қозғалысын дамыту бойынша белсенді жұмыс жасауда. Біз, пікірсайыс қауымдастығы, азаматтық қоғамның бір бөлігі ретінде аталмыш бастамаға қолдау көрсетіп, мемлекеттің атқарып жатқан жұмысына үлесімізді қосуымыз керек. Хартия пікірсайыс қозғалысының болашағына жанашыр азаматтар мен ұйымдардың басын қосып, Қазақстандағы пікірсайыс дамуының жаңа кезеңін бастауға бағытталған.
Пікірсайыс технологиясын мектептегі білім беру жүйесін толықтыратын ең тиімді механизмнің бірі деп білеміз. Ол бірқатар маңызды қызметтерді атқарады:
— Білім беру. Ой-өрісті кеңейтуге, бұрын жинақталған білімді бекітуге, көкейкесті етуге, жаңа білім мен дағдыларды игеруге көмектеседі;
— Дамыту. Интеллектуалды қабілеттерді қалыптастырады, логиканы, сыни ойлауды дамытады, мәселенің жүйелі көрінісін қалыптастыруға мүмкіндік береді;
— Құндылықтар қалыптастыру. Демократиялық қоғамдағы моральдық-дүниетанымдық ұстаным мен мінез-құлық, азаматтық қасиеттер мен өмір сүру әдеттерінің қалыптасуына ықпал етеді;
— Әлеуметтендіру. Азаматтық қоғамның нормалары мен құндылықтарына назар аударады, оның жағдайларына бейімделуге, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға, командада жұмыс істеуге, әртүрлі көзқарастар мен ойларға толеранттылықтың пайда болуына ықпал етеді;
— Коммуникативті. Мектеп, қала, республика ішіндегі турнирлерге қатысу және халықаралық чемпионаттарда ойын көрсету ортақ іспен біріктірілген адамдардың қауымдастығын қалыптастырады.